Тәуелсіздіктің жарқын бейнесі
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңы 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Мемлекеттік рәміздер - бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Ту, Елтаңба және Әнұран мемлекеттік рәміздер болып табылады.
Мемлекеттік рәміздер - еліміздің Тәуелсіздігін паш ететін, әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақ- тастықтың жарқын бейнесі. Халқымыздың рухын, ұлттық санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-мұратын жеткізетін киелі құндылықтар. Елтаңбамыз ел тарихының тереңінен тамыр тартып, ұлттық рухымызды асқақтатып, шаңырағымыздың беріктігін көрсетіп, Республикамыздың қанатты тұлпардай ұшқырлығын айғақтап келеді. Бабаларымыздың ғасырлар бойғы арманы - «Менің Қазақстаным» Әнұранының құдіретті әуені елімізді ұлы болашаққа бастап барады. Осының бәрі - Қазақстанның жаңа тарихының қастерлі беттері. Отанымыздың өзі нақ осы Рәміздерден: Ту, Елтаңба мен Әнұраннан бастау алады. Оларды жүрегіне басып, маңдайына тигізіп қадірлеу арқылы егеменді еліміздің еңселі азаматтары қалыптасады.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Мемлекеттік рәміздер - бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді,» - дегендей, Тәуелсіз елдің ұрпағы мемлекеттік рәміздерді бала жасынан біліп, мәңгілік мақтаныш етіп отыру керек. Ұрпағымызды Отанын, Рәміздерін сүюге, өз елінің патриот азаматы болуға тәрбиелеу, Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін оятуымызға тиіспіз.
РҚБ МОФ мүшесі.